Астана әкімдігі

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

10.09.2018, 10:56 Жаңалықтар / Спорт
Дуатлон жарысына 40-тан астам отбасы қатысты

Елімізде атап өтілетін Отбасы күніне орай елордалық 41 отбасы сенбі күні таңертең «Отбасылық дуатлонға» қатысу үшін Триатлон паркте жиналды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Жарыс «Дені сау отбасы – дені сау ұлт» ұранымен және еліміздің бас қаласының 20 жылдығы құрметіне Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасымен ұйымдастырылды.

Бастарына шлем киіп, велосипедке мінген ата-аналар мен балалар фитнес жаттықтырушылардың жетекшілігімен аздап жаттығу жасады.

Жалпы, биылғы дуатлонда балалар үшін үш жас санаты белгіленді: 8-9 жас, 10-11 жас және 12-13 жас. Қашықтықтың жалпы ұзындығы – 4,5 км. Алдымен 2,1 қашықтыққа әкелер жүгірді, эстафетаны велосипедке мінген аналар алды. Жарысты балалар мәреге дейін 300 метр жүгірумен аяқтады.

«Отбасылық дуатлон» дәстүрге айналды, оны осымен үшінші рет өткізіп отырмыз. Жарысқа қатысуға ниет білдірген отбасылар саны едәуір артты. Былтыр 30 отбасы болған. Биыл 8-9 жас санаты қосылды. Келер жылы 5-6 жастағы балаларды қоспақпыз. Жарысқа қатысуға өтінімдер алдын ала электронды түрде қабылданды, міндетті түрде шлем мен дәрігердің рұқсаты болуы керек», - деді Астана қаласының спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізу дирекциясым басшысы Азамат Имашев.

Жүлделі үш орынның иегерлеріне тұрмыстық техника (теледидарлар), ал балаларға – жаңа велосипедтер табысталды. Ұйымдастырушылар әрбір қатысушыға естелік ретінде арнайы медальдар берді.

8-9 жас санатында 2 шақырым қашықтықта Ержан Қанаевбірінші болып келді, ал оның баласы Әлтайыр мәреге төртінші болып келді.

«Бұл жарысқа екінші рет қатысып отырмыз. Осындай отбасылық мереке үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Әрине, мұндай шаралар елордада кеңінен өткізіледі. Биыл қатысушылар мұқият дайындалға сияқты. Жарыс басталғанша бәрімен танысып үлгердік. Біреулер жеңіл атлетикамен, басқалары күреспен, шаңғы жарысымен айналысады екен. Спортпен шұғылданатын елордалықтар көп екен», - дейді жарысқа қатысушы Ержан.

Жарыс қорытындысы бойынша ең кішкентай жас санаты 8-9 жастағы балалар арасында Вишняковтар мәреге бірінші болып келді, Зайцевтер отбасы екінші, Белишкиндер үшінші.

Екінші жарыста Дженгиз әулеті көш бастады. Былтыр да олардың 10-11 жас санатында бірінші болғандарын айта кеткеніміз жөн. Отағасы Уфуку-аға 50-ден асты, жасына қарамастан ол әлі де тың.

«Жұбайым екеуіміз спортшымыз. Ол дзюдомен, мен 35 жыл бойы еркін күреспен айналысқам. Оның үстіне марафондарға қатыстым. Бүгінгі жарыс жақсы өтті. Нағыз отбасылық шара. Менің жастарға үлгі көрсетіп, жасқа қарамастан спортпен айналысуға болатынын көрсеткім келді. Ең бастысы, диванда жата бермей, балаларға үлгі көрсетіп, осындай жарыстарға қатысу», - дейді Уфук Дженгиз.

Осы санатта Қожановтар отбасы күміс, Төлегеновтар әулеті қола жүлде иеленді.

12-13 жас санатында Саликжановтар отбасы бірінші орын алды. Шевченко отбасы екінші, Қуанышбаевтар үшінші орынға табан тіреді.

Жеңімпаздарды марапаттау және құттықтау салтанаты лотерея ұтысымен жалғасты. Жарысқа қатысушылар арасында 5 велосипед ойнатылды.

Кез келген материалды Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болғанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі http://astana.gov.kz.